Мұхамеджан Сералин (1871-1929)
Қазақ халқының ХХ
ғасыр басындағы белгілі қоғам қайраткері,
ақын, журналист Мұхамеджан Сералин қазіргі Қостанай
облысы, Қарабалық ауданы, Өрнек колхозы жерінде туып
өскен, сол жерде қайтыс болған.
Үш-төрт жасында
әкесінен жетім қалған Мұхамеджанның балалық
шағы Тройцк қаласында қиындықпен өтеді. Кір
жуатын кәсіпорында жұмыс істейтін шешесі баласын 8 жасында медресеге
оқуға береді. Алты-жеті жыл мұсылманша орта дәрежелі
білім алған ол одан кейін 1891 жылы Қостанайдағы 2
кластық орыс-татар мектебін өте жақсы бітіріп шығады.
Оқуды бітірген соң ауылдық жерлерде түрлі қызмет
атқарады: кеңсе қызметкері, хатшы, оқытушы болып
істейді.(Арал теңізі жағасында).
1900 жылы Тройцкіге барып, он
шақты жыл сонда шаруашылық, сауда қызметкері
болады.(миллионер татар Яушевте) Осы жылдары ол өз бетімен оқыды:
әдеби-журналистік қызметке әзірленді, қоғам
жұмысына араласты. Ел ісіне араласа жүріп орысша, татарша
газет-журналдар алып оқып, жұмыстан қолы босағанда
түрлі кітаптар оқып, білімін, мәдениетін көтереді:
шығармашылық және саяси-әлеуметтік қызметке
араласады: орыс халқының классикалық әдебиетін,
көне шығыс әдебиетін шұғылданып оқиды:
қазақтың тарихын, бұрын-соңғы
әдебиетін зерттеді. Осының нәтижесінде М.Сералин біршама
мысал өлеңдер жазды: 1900 жылы "Топжарған", 1903
жылы "Гүлқашима деген поэмалар жазып, бастырып шығарады.
Оның бұл поэмалары өз заманында жаңалық, зор
еңбек болды.
Миллионер Яушевпен бірге
қызметтес бола жүріп елдің саяси, шаруашылық,
мәдени өмірімен танысу арқылы қазақ тілінде
журнал шығару керек деген ойға келеді. Бұл ізгі ойы 1911 жылы
ғана жүзеге асты, сол жылдың қаңтар айынан бастап
Тройцк қаласында "Айқап" журналы шыға бастады.
Оның шығарушысы да, редакторы да М.Сералиннің өзі
болды. Бұл журнал 1915 жылы қыркүйек айында жабылды. Одан
кейін 1919 жылға дейін өз ауылында тұрады. Осы жылдан бастап
кеңес үкіметінің қызметіне кіреді, Губерниялық
жер-су бөлімінде істейді. 1924-26
жылдары Қостанайдағы "Ауыл" газетінде редактор
болып, баспасөз қызметіне араласады. 1926-28 жылдары тағы да
губерниялық атқару комитетінде, партия комитетінде қызмет
істейді, осы қызметте жүріп, қаны тасып ауырады. 1929 жылы
ежелгі кеселімен ұзақ ауырып, жазды күні қайтыс болады,
сүйегі "Үлкен зиратқа" қойылады.
М.Сералиннің бізге жеткен
әдеби шығармалары аса көп емес. Ақынның алғашқы поэмасы -
"Топжарған" 1900 жылы Троицкіде жеке кітап болып басылды, одан
кейін 1903, 1907, 1915 жылдары қайта басылады. Бұл поэманың
тақырыбы қазақ халқының өмірінде ХІХ
ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарында болған
оқиға, яғни Кенесары, Наурызбай бастаған
ұлт-азаттық қозғалысқа байланысты.
Поэма адай жігітінің
қолға түсуінен басталады, тез өрбіп, оқушыны
тартып әкетеді. Ал ол жігіттің кім екені, ниеті - бәрі
поэманың соңына дейін жұмбақ болып отырады. Тек
ақырында ғана құпия ашылады.
"Топжарған" поэмасында ақынның тілі таза,
бұрынғы діни кітап сөздерін, татар сөздерін аз
қолданған, тіпті қолданбаған десе де болады. Тарихи
шындықты, реалдық өмірді таза қазақ тілінде,
реалистік сөздермен, салыстырулармен суреттеген.
"Топжарған" - тарихи реалистік, көркем поэма.
Мұхамеджанның екіші
поэмасы "Гүлқашима"(1903) - қазақ
халқының сол кездегі өмірінен алынып жазылған
реалистік-романтикалық, сюжетті поэма. Негізгі идеясы адамның бас
бостандығы, әйел теңдігі: тілегіне жете алмай өткен
жастың, екі ғашық Гүлқашима мен
Баймағамбеттің әңгімесі. Поэма үш бөлімнен:
бірінші бөлім - жазушының көрген-білген бір
оқиғасы, екінші бөлім - екі жастың
ғашықтық әңгімесі, үшінші бөлім -
автордың қорытындысы.
Бұл поэма қазақ
әдебиетіндегі тұңғыш реалистік поэмалардың бірі.
Реалды өмірді, шын тұрмысты болған. Өзі көрген
оқиғаларды суреттейді, сол арқылы жастарға ескіден
жирен, қарсы күрес, өнер-білмді үйрен,
халқыңа қызмет ет дейді.
Поэманың идеялық
мақсаты, маңызды оқиғасы, сюжеті қызық,
құрылысы, композициясы қисынды. Жазушы стилінде, тілінде
ертедегі шығыс әдебиетінің ертегі, қиял-ғажайып
қиссалардың әсері едәуір. Ол кейіпкерлердің
келбеттерін, портреттерін суреттегенде айқын байқалады. Автор
Гүлқашиманы көзі - жұлдыз, кірпігі - найза, қасы
- жай, тісі - інжу т.б. деп бейнелейді. Баймағамбеттің
Гүлқашимаға ғашық болуы, ынтызарлығы
Мәжнүннің Ләйлаға ғашық болуына
ұқсайды. Сонымен тақырыбы, идеялық мазмұны
жағынан болсын, сюжеті мен композициясының қисынды, қызықты
болып келуі, реалистік жағынан болсын, бұл поэма біршама
жақсы, көркем шыққан поэма. Өз заманында
жақсы көрініс, үлкен табыс тапқан. Ол сонымен
қатар атақты Фирдаусидің "Шаһнама"
дастанының В.А.Жуковский аударған (1846-1847)
нұсқасының "Рустам Зораб" бөлімін
қазақ тіліне аударып, "Айқап" журналының 1914
жылы 22,23,24 сандары мен 1915 жылғы 2,3,4,5,9 сандарына жариялады, жеке
кітап етіп жариялай алмады.
Жалпы алғанда
"Рүстем-Зораб" поэмасын орысшадан дәлме-дәл,
сөзбе-сөз аудармай, еркін аударған, оның кей жерін
кеңейтіп, кей жерін қысқартып отырған. Кей жерлерін
дәл аударып, кей жерінің мағынасын ғана беріп
отырған. Жақсы аударма бола алмаған
"Шаһнаманың" кейде өлшем, ұйқасы жетпей
жатады, кейде көрікті кестесі болмайды. Бірақ қалай аударса
да, бір саласын аударса да, дүние жүзі әдебиетінің асыл
қазанасының бірі болған "Шаһнаманы" сол
заманда қазақ тіліне аудару әрі үлкен ерлік, әрі
тарихи, мәдени жетістік, өлшеусіз еңбек екені шындық.
М.Сералиннің
Қазақ төңкерісінен кейін де жазған әдеби
шығармалары болды. Олар: "Ленин", "Қайғылы
қара күн", "Жоқтау" (1924).
М.Сералиннің журналистік
қызметі екі дәуірге, публистикалық шығармалары екі
топқа жүйеленді: революциядан бұрынғы
"Айқап" журналында басылған шығармалары,
революциядан кейінгі "Ауыл", "Ұшқын",
"Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған
мақалалары.
"Айқап" журналында
М.Сералиннің ірілі-ұсақ қырық шақты
мақаласы басылған. Бәрі де қазақ халқы
әлеуметтік өмірінің сол заманғы маңызды,
актуальды мәселелері: саяси, шаруашылық, мәдени жайы,
халықтың тарихы, болашағы туралы болып келеді.
Атап айтқанда: 1) жер мәселесі,
халықтың отырықшы болуы, поселке болып орналасу туралы. 2)
оқу, өнер, мәдениет, әдебиет туралы. 3) надандық,
жалқаулық, шаруашылық қырсыздығы туралы. 4) патша
өкіметінің отаршылдық саясаты туралы жазды. Бәрі де
халықтың оянуы, ілгері өркендеуі, бостандық-
теңдік алу тұрғысынан жырланды.
Қайраткер Сералин журнал
шығарудағы, әлгідей мәселелерді
қозғаудағы мақсатымыз "Жұрттың
көзі, құлағы болу, халыққа жол
көрсету болды. Білгенімізді жаздық, айттық. Жазылған
сөзімізде, ойлаған ойымызда жаңалықтарымыз көп
болған шығар. Алайда не жазсақ
та таза жүрек, таза ниетпен
жаздық ",-дейді.
М.Сералин қазақтың тұңғыш
журналисі және қазақ тілінде тұңғыш рет
"Айқап" атты
журнал шығарды. Ол журналдың кейбір
кемшілігі болса да, жалпы алғанда, ағартушылық-демократтық бағытта болды. Халықтың саясат, шаруашылық, мәдениет жөнінен өзіне зор әсер етеді. Қазақтың сол кездегі
құрала бастаған зиялыларына "Айқап"
қазақша ойлауды, ойланғанын қазақша жазуды
үйретті. Газет-журнал шығару қазақ оқығандарының
қолынан келетін іс екенін көрсетті, дәлелдеді.
Ол "Айқап" журналы арқылы, өз шығармалары
арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізінен
салған жаңа әдебиетін ХХ ғасыр басында өркендей түсуіне
атсалысты.
М.Сералин
қазақтың алғашқы кеңестік
баспасөздеріне "Ұшқын", "Еңбекші
қазақ"
газеттерінің журналистік ісіне араласты. 1921-26 жылдары
"Ауыл" газетінің редакторы болып қызмет етті. Дәуір
қоғам алға тартқан міндеттері кеңінен насихаттап
отырды.
Сөз түйіні М.Сералин
- қазақ халқының ХХ ғасыр басында ірі
көрнекті қоғам қайраткері, әрі журналисі, зор
ақыны болып саналады. Оның ақын, аудармашы, журналист жайында
халқына сіңірген еңбегі қазақ әдебиеті
тарихында жасай береді.